Қыз балаларға қатысты кеңестер: Біреумен танысып, сөйлесу кезінде абай болыңыздар. Сіз сұхбаттасыңызды көрмейсіз, танымайсыз, адам өзі жайында ойынан шығарып неше түрлі нәрсені айтуы мүмкін! Егер сұхбаттасыңыз: - нағыз есімін, мамандығын, тұрғылықты жерін айтудан қашқақтаса (немесе нақты ештеңе айтпай, жалпылап айтса); - тез арада некеге тұруға ұсыныс жасаса – бірақ, әке-шешеңізбен, туған-туысқандарыңызбен танысқысы келмесе; - сізді өзінің туысқандарымен таныстырғысы келмесе және «Сіздің әке-шешеңіз мен туралы біле ме? Олар сіздің некеңізге келісімін берді ме?» деген сұрақтарға жауап беруден басын алып қашса; - өз отбасын асырау, әйел, бала-шағасын қамтамасыз ету мүмкіндігі жайлы сұрақтарға жауап беруден жалтарса немесе нақты жауап бермесе; - оның екінші әйелі болуыңызды ұсынса, бірақ, «бірінші әйелім білмейтін болсын» десе, – осының бәрі сақтануға себеп! Сондай-ақ, мынаны жадыңызға түйіп алыңыз – скайп немесе виртуалды сөйлесудің басқа да құралдары арқылы жасалған неке жарамсыз болады! Ғаламтордағы күйеу жігітпен некеге тұруға бел бумас бұрын онымен шынайы өмірде міндетті түрде кездесу керек (оңашада емес, әрине), оны туған-туысқандарыңызбен таныстыруыңыз керек (және оның туыстарымен кездесуіңіз қажет); не болмаса, оның таныстары мен достарынан ол жайлы сұрап білуге тырысуыңыз керек. Шын сондай болу ма, әлде солай көріну ме – біз әлеуметтік желілерде өзімізді нағыз мұсылман ретінде көрсетіп жүрміз бе? Біз мақаланың басында әйгілі ғұлама Әли Джифридің (Алла оған жар болсын) сөзін жайдан-жай келтірген жоқпыз. Ол виртуалды өмірде парақшаларымызды Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұялмай көрсететіндей әдеп сақтауымыз керектігін айтты. Бөтен адамдар біздің парақшамызға кірсе, оны мұсылман адамның парақшасы деп айта ала ма? Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шынымен де кенеттен біздің арамызға келіп, парақшаларымызға кірді деп көз алдымызға елестетсек (біздің амалдарымыз шындығында да оған көрсетіледі ғой, бұл жайында сенімді хадистер бар), ол не көрер еді? Музыкалық жазбалар мен бос, мағынасыз, тіпті күмәнді мағынадағы көркем фильмдер ме? Жас жігіттердің шаштарын жайып, ашық-шашық киінген қыздарды өздеріне дос қылып алып, олардың суреттерінің астына «лайк» қойып: «МашаАлла!», «Хас сұлу!», «Құлпырып тұрсың!» деп жазған мақтау сөздерін бе? Жұмыста корпоративтік сауық кешінде немесе мектепте бітіру кешінде арақ-шарап пен басқа да харам етілген нәрселердің арасында өздеріне махрам емес жігіттермен құшақтасуға жақын қалып тұрған қыздарды (немесе, керісінше, хиджаб кимеген әйелдердің арасында тұрған жігіттерді) ма? Ол бұған разы болар ма еді? Оның өз ізбасарларына үйреткені осы ма еді? Желідегі дау-егес пен пікірталастар турасында Жоғарыда айтылып кеткендей, Ислам мен ислам ілімін таратуда ғаламтордың пайдасы зор. Исламдық сайттар мен топтар ашып, үлкен ғұламалардың кітаптарын, мақалаларын, лекцияларын аударып; Исламды дұрыс ұстану жөнін үйретіп, адасушы ағымдар жайында ескертіп (олар көп жағдайда бұл іспен аз ғана сыйақыға, риясыз немесе, керек десеңіз, тегін айналысады), Исламға шақыру игі ісіне ат салысып жүрген мұсылмандарды Алла сый-сияпатқа бөлегей. Мұның бәрі мақтауға тұрарлық амал және, иншаАллах, Алла Тағаланың сауабына кенелтеді. Алайда, сенімді білімді таратуға жағдай жасау басқа да, дін жайында сөз қозғау, ол түгілі, қарапайым білімің жоқ бола тұра, пікірталасқа түсу мүлде басқа дүние. Өкінішке орай, бұл ─ қазіргі кезде жас мұсылмандардың (әсіресе, жас жігіттердің) арасында кең етек жайған мәселе: жас жігіттер әуелі намаздағы «Фатиха» сүресін дұрыс оқуды үйреніп алмай немесе дәретті жөнді ала алмай жүріп, виртуалдық әлемде аянбастан уақыттарын егес, сөзталасқа құртып жатады. Ондай пікірталастардың қауіпті болатын себебі көп: • Біріншіден, адам кей нәрселерді білмесе, бар жасаған құлшылығы жарамсыз болуы мүмкін. Ол сол қажетті білімді үйренудің орнына қаншама уақытын текке өткізеді. Ажал құшқаннан кейін Алла Тағала оны қанша адамды дауда жеңіп шыққаны үшін емес, дәретін жөнді алмағандығы яки намзын дұрыс оқымағандығы үшін жауапқа тартады. Тағы бір қауіптің мәні мынада: пікірталасқа түсушілер білімдері болмаса да, дауға араласады. Сол себепті, олар білімсіздікпен Исламға қатысы жоқ нәрсені дінімізге таңып қоюы мүмкін немесе, керісінше, Исламдағы міндетті болған нәрселерді діннен шығарып тастауы ғажап емес. Тіпті олар өздерін Исламнан шығаратын сөз айтып қоюы да ықтимал, Алла ондайдан сақтасын! Имам әл-Ғазали «Ихья» кітабында былай жазады: «Расында, қарапайым адам тек қана иман келтіріп, бойұсынушылық танытып, өзінің құлшылығымен және күнделікті тіршілігімен айналысып, білім жағын ғұламаларға қалдыруы қажет. (Шешім шығаруға хақы жоқ) қарапайым адамның ілім мәселесі жөнінде сөз қозғағанынан гөрі, зина және ұрлық жасағаны артығырақ. Кәміл білімі жоқ бола тұра, Алла және дін жайында сөз қозғаған адам өзі күтпеген жерден күпірлікке түсуі мүмкін. Ондай адам жүзе алмастан теңіз тұңғиығына сүңгіген адаммен бірдей». • Тағы бір қауіп мынада: адам өз мүмкіншілігін асыра бағалап, ақылы мен білімі өзінен жоғары біреумен (адасушы мұсылманмен немесе кәпірмен) пікірталасқа түсуі мүмкін. Ондай қарсылас қитұрқы сұрақтар қойып, оның өзінің ойын шатастырып жіберу қаупі бар. Соның нәтижесінде ол Исламның ақиқаттығына (немесе оның кейбір тұстарына) күмәндана бастауы ғажап емес. Бұл Исламда шынымен де ол сұрақтарға жауап жоқ деген сөз емес. Тек ол адам сол сұрақтардың жауаптарын білмеуі мүмкін. Тағы бір маңызды жайт: өкінішке орай, біз пікірталас мәдениетін білмейміз. Пікірсайысқа түсушілер қарсыласымен сыпайы түрде сөйлесу керек деп таппайды, оған тіл тигізіп, жеке басының мәселелерін қозғап кетеді. Көп жағдайда олар бұл әрекеттерін «ол адасқан (ол түгілі, мұсылман емес)» дегенді тілге тиек етіп, сол үшін онымен жұмсақ сөйлесудің қажеті жоқ деп, өздерінің бұл әрекеттерін ақтап жатады. Алайда, Құранда Исламға шақыру жайында былай айтылған ғой: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес» («Нахл» сүресі, 125-аят). Сондай-ақ, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай ескерткен: «Өзінікі дұрыс бола тұра, пікірталастан бас тартқан адамға жәннаттың төңірегінен үй берілетініне кепіл боламын, әзілдеп те өтірік айтпайтын адамға жәннаттың ортасынан үй берілетініне кепіл боламын және көркем мінезді адамға жұмақтың ең жоғарғы деңгейінен үй берілетініне кепіл боламын» (Әбу Дауд, сенімді қудси хадис). Шамадан тыс пікірталас жүргізе берсе, жақсы адамның да мінезі өзгеріп кетуі ғажап емес – ол сабырсыз, өрескел, дөрекі болып кетеді; содан кейін ол пікірталасқа адасушы біреуді немесе кәпірді тура жолға бағыттау үшін емес, сол дауда жеңіске жетіп, сұхбаттасынан басым болу мақсатында (және ол жеңілсін деген тілекпен) түсетін болады. Әбу Ханифаның өмірбаяны суреттелген кітапта төмендегі хикая келтіріледі. «Әбу Ханифа кезінде ақиданың мықты білгірі болған. Ол сан түрлі адамдармен, кәпірлермен, сектанттармен пікірталас жүргізіп, оларды жеңіп отырған. Ал, оның ұлы кәлам ғылымымен, яғни, теология, ақида ғылымымен айналыса бастағанда, ол да пікірталасқа түсетін болған. Сонда оның әкесі Әбу Ханифа оған пікірсайысқа қатысуға тыйым салып, былай деген: «Біз пікірталасқа түскенде қарсыласымызға құрметпен қарайтынбыз; құдды төбемізде құс отырғандай сақтықпен пікірталас жүргізетінбіз. Өйткені, біз бір жолдасымыздың ағаттық жіберіп қоюынан қорқатынбыз. Ал, сендер пікірталасқа түскенде қарсыластарыңның қателесіп, күпірлікке түскенін қалайсыңдар. Қарсыласының күпірлікке түскенін тілеген адамның өзі одан бұрын күпірлікке түседі. Өйткені, ол діндегі бауырына такфир шығарғысы келді». Кааб ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етілген: «Ғұламалармен тең болу үшін, ақымақтармен дауласу үшін, сөйтіп, ел-жұртты тәнті ету үшін білім алған адамды Алла Отқа тастайды» (имам әт-Тирмизи). Уақытты текке өткізбеңіздер!  Қорытындылай келе айтарымыз ─ уақыттың құндылығын естен шығармаңыздар! Компьютерге  отырмас (планшетті, телефонды қолға алмас) бұрын: «Дәл осы кезде міндетті түрде Ғаламторға кіруім керек пе?» ─ деп ойланып көріңіз. Бәлкім, шынайы өмірде басқа да шаруаларыңыз бар шығар: үй тапсырмасын орындамаған шығарсыз, сабаққа, емтиханға дайындалуыңыз қажет шығар? Мүмкін, әке-шешеңіз немесе туған бауырларыңыз үй шаруасына көмектесуіңізді өтінген шығар? Ал, достарыңызға хабарласпағаныңызға немесе туыстарыңыздан немесе көршілеріңізден хабар алмағаныңызға қанша уақыт болды? Әлде, бәлкім, жұбайыңыз бен балаларыңыз жанындай жақсы көретін жақын адамының виртуалдық «достарын» қоя тұрып, соларға көңіл бөліп, тілдесуін, ойнауын, жай ғана қалдарын сұрауын күтіп жүрген шығар. Бәлкім, таза ауа жұтып, саябақта серуендеп қайтқан жөн шығар? Шынайы өмір әлі де бар, ол жайында ұмытпаңыз. «Бес нәрсе келмей тұрғанда бес нәрсенің қадірін біліңдер: кәрілік келмей тұрғанда жастық шақтың қадірін, дертке шалдықпай тұрғанда денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрғанда байлықтың қадірін, жұмыс шықпай тұрғанда бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрғанда өмірдің қадірін». «Қиямет күні құлдан төрт нәрсе сұралмайынша, оның аяғы жерден қозғалмайды: өмірін қалай өткізгені, жастық шағын неге сарп еткені, білімін қалай пайдаланғаны, дүние-мүлігін неге жұмсағаны». ____________________ Орыс тілінен аударған Azan.kz Муслима (Аня) Кобулова арнайы Azan.kz сайты үшін P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.  Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз. Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы 

Теги других блогов: әдебиет кеңестер қыз бала